Сақтардың тұрмысы мен шаруашылығы
[ скачать ]
Қазақстанның қола дәуiрiндегi тайпалар бiрлестiгiнiң негiзiнде ертедегi көшпелiлер мәдениетi қалыптаса бастады. Б.з.б. I-мыңжылдықтың басында Қазақстан далалары мен шөлейт, таулы аудандарында негiзгi кәсiп көшпелi мал шаруашлығы болды. Темiр дәуiрiнде (б.з.б. VII ғ-дың басы) адам еңбегi анағұрлым өнiмдi бола түстi. Темiр өндiру қосымша өнiм мөлшерiнiң артуына жағдай туғызды. Көлiк ретiнде жылқы кеңiнен пайдаланылды. Табиғи орта мен климат жағдайларына байланысты мал шаруашылығының негiзгi үш түрi: көшпелi, жартылай көшпелi және отырықшылық дами түстi. Темiрден ер-тұрман әбзелдерi (ауыздық, т.б.), қару-жарақ, тұрмыс бұйымдарының жаңа түрлерi жасалды. Көшпелi тұрмыста киiз үй, арба, күйме кеңiнен қолданылды. Малға және жерге отбасылық меншiк нығайды. Қауымдар арасында жайылым, мал үшiн қақтығыстар жиiлей түстi. Ерте темiр ғасыры дәуiрiнде (б.з.б. I — мыңжылдық ортасы) Қазақстандағы тайпалық одақтар қалыптасты. Жазбаша деректемелер археологиялық зерттеулермен ұштастырылып қазiргi таңда б.з.б. 8 — I ғасырлардағы тайпалар, тайпалық одақтар жөнiнде көп мәлiметтер алынып отыр. Б.з.б. III ғ-да Қазақстан жерiнде кейбiр тайпалар өз мемлекетiн құрып, алыс-жақын елдермен саяси қарым-қатынастарға түскенiн де жазба және археологиялық деректемелерден көруге болады.
Қазақстанның оңтүстік, шығыс және орталық аудандарын мекендеген тайпалар сақ тайпалар одағына, ал батыс, солтүстік аудандарындағы тайпалар савроматтар тайпалық бiрлестiгiне бiрiктi. Археологиялық деректер бұл бiрлестiктерде мемлекеттік нышандардың болғандығын аңғартады. Сақтардың оңтүстік өңiрлердегi Бесшатыр, Есiк обасы, Түгiскен, Ұйғарақ, т.б. ескерткiштерi олардың мәдениетi мен өнер жетiстiктерiнiң бiрегей туындылары болып табылады.
Ежелгі заманда Орта Азия өңірін түркі тілдес ру-тайпалар, тайпалық одақтар мекен еткен. Қазақ халқы сол тайпалардың бірте-бірте бірігуі мен дамуы барысында өз алдына жеке халық болып қалыптасты. Қазақ халқының ата-тегі болған тайпалар мен ұлыстардан ежелгі заман деректерінде аты ерте әйгілі болғандары: сақ, үйсін, қаңлы, сармат, ғұн тайпаларынан шыққан дейді.