АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ БАСТАУ КӨЗДЕРІ
[ скачать ]
XX ғасырдың басында Қазақстан Россия империясының капитализмге дейінгі өндірістік қатынастар үстем болған аграрлы-отарлық өлкесі болды. Қазақ халқының басым көпшілігі, бір жағынан, патша үкіметінің отарлау саясатының қасіретін, екінші жағынан, ауылдағы бай-шонжарлардың езгісінің ауыртпалығын көтерді. Қазақстанның экономикасы мен жер байлығына Россия алпауыттарымен қатар шетелдік капитал да қол сұға бастады.Патша үкіметі қазақ халқының ата қонысын мемлекет меншігі деп жариялап, шұрайлы шабындық пен құнарлы егіндікті қоныс аудару қорына, орыс-қазақ әскерлерін (казачествоны) орналастыру және басқа да отарлаудан туындайтын мақсаттар үшін тартып алып отырды. Күштеп өзіне алу саясатының екі ғасырға созылған жылдарында россиялық отарлаушылар Қазақстанның 45 млн десятинаға жуық жерін, басқаша айтқанда ең құнарлы 16 проценттей бөлігіне иелік етті. 1917 жылғы екі революция қарсаңында бұл жерлерге келіп орын тепкен россиялық коныстанушылар (негізгі орыс ұлтының өкілдері) сол кездегі Қазақстанды мекендегендердің 23,1 процентін құрды.
Отарлаушылар қазақ халқының жері мен оның табиғи байлығының айтарлықтай бөлігіне иелік етіп қана қойған жок, олар қазақтарды рухани жағынан да отар-лады: халықты тілінен, дінінен, ділінен біртіндеп айыру бағытында қатыгездікпен ойластырылған шараларды жүзеге асырды.
Бұл жөнінде Міржақып Дулатов 1907 жылы жа-зылған "Қазағым менің, елім менің" атты мақаласында былай деп ашына жазған еді: "... Ең алдымен қазақ халқы — Россияға тәуелді халық ... Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады. Халықтан жиналатын салық қаражатының көп бөлігі халыққа тіпті керек емес нәрселерге жұмсалады... Өздеріңіз көз жазбай байқап отырғандай... чиновниктер, урядниктер кедей қазақтарды ұрып-соғып, малдарын тартып, ойына не келсе соны істеді...
Енді чиновниктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдеп-ғұрыптарымызға, біздің моллаларға ғана тиісті неке мәселелеріне араласа бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды...
Енді бұл чиновниктер қазақ даласына Мыңдаған мұжықтарды жер аударып, қазақтардың суы мен шұрайлы жерлерін тартып әперуде. Чиновниктерді арқаланған олар өздеріне жайлы қазақ жерлерін еркін иемденуде... Бұлар сорлы қазақтарды ұрып-соғып, бар мүлкін тартып алып кетуде..." .
Қазақ ауылын басқаратын әкімшілік жүйе патша үкіметінің отарлау-әкімшілік аппаратымен біте қайнасып кеткен бай-шонжарлар өкілдерінің қолдарында болды.
Өлке өндірісі нашар дамыды, оның өркендеуіне патша үкіметі мен орыс буржуазиясының отарлық саясаты және қазақ ауылындағы патриархалдық-феодалдық қатынас-тардың үстем болуы күшті кедергі жасады.